Шығыс өркениеті аясында түркі және ислам әлемі халықтарының тарихи жады мен өркениеттік бірлігі жөніндегі сананың жаңғыруына ықпал етумен қатар Түркі академиясы мен ИЫҰ-ға мүше елдердің азаматтарын өзара танысуға, бір-бірінің тарихы мен мәдениеті туралы білімдерін насихаттауға, ИЫҰ елдерінің ғылым мен техника саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастығы арттыруға бағытталған форумның ашылу салтанатында Халықаралық Түркі академиясының президенті Д.Қыдырәлі ғасырларды жалғап жатқан ұлылар үндестігіне арналған форумының маңызына тоқталып өтті.
Айтулы шараға университет ректоры Жансейіт Түймебаев, Білім және ғылым министрінің орынбасары Қуаныш Ерғалиев, ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, асылдың сынығы, Икбалдың немересі Уәлид Иқбал мен ИЫҰ Ғылым мен технологиялар жөніндегі тұрақты комитеттің бас үйлестірушісі Иқбал Чаудари, Азиядағы өзара сенім шаралары Кеңесі Хатшылығының атқарушы директорының орынбасары Чи Фанг, Қазақстанның Пәкістан Ислам Республикасындағы Төтенше және өкілетті елші Ержан Қыстафин, Пәкістанның Қазақстандағы Төтенше және екілетті елшісі Саджад Ахмед Сихар, Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Екиджи қатысып, түркі әлеміне ортақ ойшылдар – әл-Фараби мен Мұхаммед Иқбалдың бай мұрасын зерттеп, насихаттау ісін жалғастыру тұрғысындағы зерделі пайымдарын ортаға салды. Бүгінде Пәкістан мен Қазақстан арасындағы байланыстар экономикалық ғана емес, гуманитарлық саладағы ықпалдастық жылдан-жылға дамып келеді. Бүгінде Фараби мен Икбал мұрасы шығыс тілдерімен қатар көптеген Еуропа тіліне де аударылды. Әлемнің көптеген елдерінде дана ойшылдардың шығармашылық мұрасын зерттеу Академиялар құрылған. Мәселен, Лахорда Икбал академиясы жұмыс істесе, ҚазҰУ-де Фараби орталығы құрылса, Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясында белгілі фарабитанушы ғалымдар, философтар қызмет етіп келеді.
Конференция Иқбал философиясы: өткені, бүгіні, болашағы, Иқбал философиясы мен поэзиясының жаһандық әсері, ХХІ ғасыр сын-қатерлері және технология тақырыбындағы секциялармен жалғасты. Сонымен бірге Түркі академиясының әзербайжан тілінде әзірлеген Мұхаммед Икбалдың «Islam Dusuncesinin Rekonstruksiyasi» (Исламдық ойды қайта құру) кітабының, сонымен қатар 2020 жылы Исламабадта өткен Әл-Фараби жаһандық форумы материалдарының ағылшын, қазақ, орыс тілдерінде жарық көрген жинағының, әл-Фарабидің «Музыка туралы үлкен трактат» атты еңбегінің түрік тілінде жарық көрген нұсқасының (El-Farabi Kitabu’l Musika’l-Kebir) және урду тіліндегі «Икбал энциклопедиясы» еңбегінің тұсаукесері өтіп, Иқбал поэзиясы әлемімен үндескен қылқалам шеберлерінің көрмесі өтті.